Мектебім – мейірім мекені
“М. Шаханов атындағы жалпы білім беретін мектеп” КММ-де 1-қыркүйек – Білім күніне арналған «Мектебім – мейірім мекені» атты салтанатты шара ерекше сән-салтанатпен өтті.
Мектеп ауласына жиналған ұстаздар, ата-аналар, оқушылар мен ардагер ұстаздар бұл күннің қуанышын бірге бөлісті. Ардагер ұстаздар шәкірттерге жүрекжарды лебіздерін білдіріп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, жас буынға ақ батасын берді.
Шара барысында мектеп директоры Баубеков Нұрдаулет Бейсенбайұлы жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ұстаздар қауымына еңбекте табыс, оқушыларға білім жолында биік жетістіктер тіледі. Сондай-ақ жиынға аудандық білім бөлімінің әдіскері Кенебаев Әділ, “Шілік ауыл” округінің әкімі Орынбасаров Берік қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін алғашқы қоңырау сыңғыры ерекше әсер сыйлады. Өнерлі оқушылар ән айтып, би билеп, өлең оқып, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй тарту етті.
Бұл мерекенің мәнін арттыра түскен игі істің бірі – Отырар ауданы, Жаңа Шілік елді мекенінің 1989 жылы туған азаматтары, яғни осы мектептің 20 жылдық түлектері жасаған қайырымды қадам болды. Өздері 11 жыл білім алған, үлкен өмірге қанат қаққан «Алтын ұя» мектебіне деген құрметін білдіре отырып, олар 2025–2026 оқу жылында алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған 40 бүлдіршінге арнайы сый-сияпат жасады.
Атап айтқанда, 1-сынып оқушыларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмкелер мен 40 дана «Әліппе» кітабы тарту етілді. Сый-құрмет мерекелік шара барысында мектеп әкімшілігінің қолдауымен бүлдіршіндерге салтанатты түрде табыс етілді.
Бұл – аға буын түлектердің ізгі жүрегінен шыққан қамқорлықтың, үлкенге деген құрметтің, кішіге деген ізеттің айқын көрінісі. Әрбір бүлдіршін осы сыйлық арқылы білім әлеміне алғашқы қадамдарын қуанышпен жасап, үлкендердің ыстық ықыласын сезінді.
Мектеп ұжымы мен шәкірттердің ата-аналары атынан 20 жылдық түлектерге шынайы АЛҒЫС білдіреміз! Қанаттарың талмасын, азаматтық тұлғаларың ел көгінде жарқырап, кейінгі ұрпаққа мәңгілік үлгі болып қала берсін!
Білім күні – әрбір жүрекке қуаныш сыйлайтын ерекше мереке. Жаңа оқу жылы шәкірттерімізге табысқа жету жолында жігер, ұстаздарымызға мықты денсаулық пен қажыр-қайрат әкелсін!
Ізгі ниетпен: Мектеп әкімшілігі