Қазақ халқы үшін Тәуелсіздік – ғасырлар бойы аңсап, асыл арманына жеткен ең қасиетті құндылық. Биыл біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасына 33 жыл толды. Бұл – ел тарихында маңызды белес, азаттықтың ақ таңынан басталған ұлы жолдың жалғасы.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан өзінің мемлекеттік тәуелсіздігін жариялап, әлемге егемен ел ретінде танылды. Бұл күн – халқымыздың еркіндікке деген ұмтылысы мен бабаларымыздың ерлікке толы тарихының жемісі. Тәуелсіздік бізге тек еркіндік ғана емес, жаңа мүмкіндіктер мен жарқын болашаққа жол ашты.
33 жыл ішінде еліміз талай асуларды бағындырды. Экономикалық, саяси, мәдени салаларда зор жетістіктерге қол жеткізілді. Мемлекеттік рәміздеріміз қабылданып, шекарамыз бекітіліп, ұлттық құндылықтарымыз жаңғырды. Қазақстан бүкіл әлемге бейбітшілік пен тұрақтылықтың символы ретінде танылды.
Тәуелсіздік – бұл әр қазақстандықтың жүрегінде мәңгілік орын алатын ұлы мұра. Оны сақтау, қорғау және ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету – баршамыздың қасиетті борышымыз. Осы айтулы күні еліміздің әрбір азаматының жүрегінде мақтаныш сезімі орнап, болашаққа деген сенімі артады.
Тәуелсіздік күні құтты болсын! Қазақстанымыз гүлдене берсін!
https://www.facebook.com/100085444825794/videos/1218826029207699/